08
Февраль
2019
Билер кеңесі туралы ереже
1. Негізгі ережелер
1.1. Билер кеңесі Елбасының дауларды соттан тыс шешу тетіктерін жетілдіру тапсырмасын орындау, ұлттық құндылықтарымызды сақтау және қоғамда татуластыру рәсімдерінің түрлерін одан әрі дамыту мақсатында құрылады.
1.2. Билер кеңесі – Рухани жаңғыру аясында «Ұлттық код» ретінде қазақтың билерінің дәстүрін жаңғырту, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты насихаттау, дауласушылық деңгейін төмендету, құқық бұзушылыққа төзбеушілік пен оның алдын алу мәселелері бойынша, салт, ғұрып, озық дәстүрлерді сақтау жөніндегі ауылдық, аудандық, қалалық әкім жанындағы кеңесші орган болып табылады.
- Билер мен Билер кеңесінің негізгі міндеттері
2.1. «Дау мұраты – бітім» деген құқықтық қағиданы басшылыққа ала отырып, бірлік пен тұрақтылықты сақтауға, қоғамдағы дауласушылық деңгейін төмендетуге ықпал ету;
2.2. қоғамда адалдық пен әділеттіліктің салтанат құруына қол жеткізу;
2.3. ұлттық салт-дәстүрлердің, құқықтың тәртіптің сақталуына, халықпен бірлесе жұмыс істеуде өкілді және атқарушы органдарға, сот билігі мен құқық қорғау органдарына көмек көрсету, ұсыныстар енгізу, сол бағытта сауал жолдау;
2.4. жергілікті жерде туындауы ықтимал дау-дамайдың алдын алу;
2.5. ұлттық салт-дәстүрлер, ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын насихаттау;
2.6. өкілеттілікті жүзеге асыру барысында белгілі болған жүгінушінің жеке бастарына, отбасына, кәсібіне байланысты және заңда көзделген жариялауға жатпайтын құпиялылықты сақтау;
2.7. жылына бір рет халық алдында жергілікті әкімнің есеп беру жиынында атқарған қызметі туралы ақпарат беру;
2.8. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес осы бағыттағы қызметтің тыйым салынбаған басқа да қызмет нысандары.
- Билер кеңесін құру тәртібі
3.1. Би - қоғамның әлеуметтік өмірін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жетік меңгерген, сол ортада ақылгөй даналығымен, шешендігімен, әділеттілігімен, адалдығымен халықтың құрметіне бөленген абыройлы тұлға;
3.2. Билерді таңдау жергілікті жердегі тұрғындардың жалпы жиынында жүзеге асырылады;
3.3. Биге қойылатын жоғарыда аталып өткен негізгі талаптармен қатар би болып сайланатын тұлға сол елді мекенде тұрақты тұруы, мемлекеттік қызметте, діни ұйымдар қатарында болмауы, соттылықтан, басқа да жауапкершіліктен, жат қылықтардан таза болуы, денсаулық жағдайы көтеруі, жеке келісімі болуы тиіс;
3.4. Егер сол елді мекенде таңдалған билер саны үштен асатын болса Билер кеңесі құрылады.
- Билер кеңесінің қызметін ұйымдастыру мәселелері
4.1 Билер өз арасынан төраға сайлайды немесе ауысып тұру арқылы бидің әрқайсысы төраға қызметін тоқсан сайын атқарып тұрады.
4.2 Билер: - түскен арыз-шағымдарды, өтініштерді қарайды;
- құқық бұзушылық пен дауласушылық деңгейін талқылап, шаралар қабылдайды, тиісті ұйымдар алдында мәселе көтереді, сауалдар жолдайды;
- Билер кеңесі жұмысының негізгі бағыттарын анықтайды, жоспарлайды;
- ұйымдастыру шараларын қабылдайды.
4.3. Билер кеңесінің төрағасы:
- Билер кеңесінің жұмысын бағыттап отырады;
- оны мемлекеттік органдарға таныстырады, мемлекеттік органдармен, сот билігімен, құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасып, олардың алдында мәселе көтереді;
- Билер, Билер кеңесінің қараған мәселелері бойынша қабылдаған шешімдердің орындалуын қадағалайды.
4.4. Би өзінің тұрғылықты жерінде өкілеттіктерін жеке дара немесе алқалы түрде Билер кеңесінің құрамында жүзеге асырады.
4.5. Биге жүгінуді, өтініш, шағымның қандай құрамда қаралуын тараптар өз еріктерімен таңдайды;
4.6. Билер Билер кеңесінде туындаған мәселелер бойынша мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғаларға ұсыныс түсіруі, жолдауы мүмкін;
4.7. Дау-дамайды, түскен өтініш, шағымды қарау ашық, жариялы, ауызша түрде жүзеге асырылады, оларды жан-жақты әділ шешуге тиісті барлық шаралар қолданылады;
4.8. Тараптардың келісімімен дыбыс-бейне жазу, қашықтықтан қарауға мүмкіндік беретін байланыс қондырғылары қолданылуы мүмкін;
4.9. Тараптардың өтініші бойынша жазбаша түрде үлгі ретінде бекітілген қосымшаға сәйкес қысқаша түрдегі Бидің билігі беріледі;
4.10. Билер, Билер кеңесі заңға қайшы келмейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүр, әдеп нормаларын, имандылық, адамгершілік қағидаларын басшылыққа алады.
4.11. Бидің билігі ұсынба ретінде болады және қатысушы тараптармен өз еріктерімен көрсетілген мерзімде орындалуға жатады;
4.12. Бидің билігі өз еркімен орындалмаған жағдайда, мүдделі тарап қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес сотқа жүгінуге құқылы.
4.13. Билер, Билер кеңесінің құрамы, жұмысы туралы ақпарат жергілікті әкімдіктің сайттарында, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
- Билер кеңесі қызметінің тоқтатылуы
5.1. Бидің өкілеттілігі, Билер кеңесінің қызметі жергілікті жердегі тұрғындардың жалпы жиынында тоқтатылады.